Лаура
 Махаббат поэзиясы
Жанымды тыншытпайды сезім деген
Қалай жүр, япырау, төзіп денем?
Қаншама күндер өтті дамылдамай
Қаншама түндер өтті көз ілмеген.


Білмеймін, не іздейді сезім менен?
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы.
Белгісіз қайда апарып соқтырады
Не сезім мені бір күн от қылады
Не сезім мені бір күн жоқ қылады.


Адамның сезімінен сезіктенбе
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады
Шынайы шын сезімге кезіккенде.




Өтер өмір сен деумен


Тұлпар күнді ағытып-ап белдеуден,
Самал кешіп салқындаған өр кеудем,
Тереңіне тастаса да тұтқындап,
Тұл жүрегім танбай қойды-ау сен деуден.

Мәні қалмай сенсіз өткен кезімнің,
Дүниеден келген де еді безінгім.
Кеудемдегі кермаралдай іңкәрлік,
Жаным, жарқын бейнең екен өзіңнің.

Түннің шашын жаңбыр жуып, малмандай,
Бұлт астына мені ертіп алғандай.
Жақпар қуған жаңғырықтай шашылар,
Үзік-үзік ой мақамы жалғанбай.

Жанарыңда жылы мұңға шөлдеумен,
Отқа айналды опынбаған өр кеудем.
Есіміңді қайталаумен алқынып,
Өтер, өтер, өтер өмір сен деумен.



Айтшы жігіт, қызды неге жылаттың,
Жазығы ма, ұнатқаны құлап тым.
Өкіндіріп, түңілдіріп өмірден,
Айтшы жігіт, қызды неге жылаттың.

Бар емес пе қарындасың өзіңнің,
Жанары ғой ол да сенің көзіңнің.
Сол ару қыз кете барды алыстап,
Құрбаны боп ғашық деген сезімнің.

Осы сәтте құласа да тірегі,
Жылап тұрып саған бақыт тіледі.
Қуаныш пен қайғыға да шыдайтын,
Неткен мықты қыз шіркіннің жүрегі…



Менің соңғы махаббатым сен бе едің?


Менің соңғы махаббатым сен бе едің,
Жүректегі жұлдызымдай сөнбедің.
«Қолыңды бер, ұмыттырам өткенді», -
Деді біреу, тыңдамадым, сенбедім.

Бір жігіттің жанарынан жиі ұшқын
Көрдім-дағы қарамауға тырыстым.
Бар еркімді биледің бе,
Сенен соң
Неге ешкімді ұнатпауға тиіспін?

Сені ойламай өткізсем бір кеш, түнді,
Жаңғырыққан сенің дауысың естілді.
Мені сендей сүйетұғын жігіт бар,
Мен өзіңдей сүйе алмадым ешкімді.



Сен жоқсың…


Қабат үйлер шырақтарын сөндіріп,
Түн жарымы болғанына сендіріп,
Қалғып-мүлгіп қала ұйқыға кетсе де
Есігімнен келетіндей сен кіріп
Есім кетті терезеге телміріп.
Бірақ сен жоқсың…

Ақ білегім мойныңа асылып
Жатсақ шіркін жалынына шарпылып
Күн жауардың алдындағы теңіздей
алабұртып, алқынып,
Бірақ сен жоқсың…

Жанарымды жарық айға тастадым
Жабырқайды жалғызсырап жас жаным
Құс жолында жүргендейсің сен мүлде
Әнін айтып менің емес, басқаның
Бірақ сен жоқсың…




Махаббат бар ма дейсің …

- Махаббат бар ма? – дейсің.
- Бар, білемін.
Әйтеуір тыныш емес жан–жүрегім.
Бүгінде есейсем де, сол сезімнің
Бойымда ұшқындары қалды менің.Өмір жоқ махаббатсыз деп білемін,
Оған да талай есем де кетті менің.
Махаббат – сезімдердің серкесі ғой
Әркімнің елжіреткен ет–жүрегін.

Жарқыным, махаббатты жоқ дегенің,
Жастықтың тозағынан өтпегенің.
Сұлтаны сезімдердің – махаббатты
Тұрады теңегім кеп өртке менің.

Екі оттың бірде қалып ортасында,
Азабын кейде аямай тартасың да.
Дүние боп дүниенің тұрғандығы –
Махаббат пен мейірім арқасында.


Бейсенбі, 25.04.2024, 18:42
Приветствую Вас Гость
Главная | Регистрация | Вход
Мини-чат
Наш опрос
Менің сайтымды бағала
Всего ответов: 245
Статистика

Онлайн: 1
Қонақтар: 1
Қолданушылар: 0
Форма входа
Поиск
Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Copyright MyCorp © 2024